 Қазіргі таңда агенттің
не екенін ешкімге де түсіндіріп жатудың ешқандай қажеті жоқ екенін
бәріміз де білеміз… Еліміздің «еңбектеген баласынан еңкейген қартына»
дейін қолданбаса да, әріп танитын жас балалар мен егде тартқан аға
буындардың жапа-тармағай агентке жармасатыны жасырын емес… Тіпті
өзімнің бүкіл бір тәулігім осы «агентте отырумен» өтеді десем де
болады…
Бұл агент қазіргі таңда байланыстың таптырмас құралына айналған… Жасыл
болып жанып тұру үшін тек компьютеріңіз бен интернет болса болғаны. Тым
құрығанда бірлігі бар ұялы телефоныңыз болу керек. Атам қазақ осы
агентсіз қалай өмір сүрді екен деп те ойлайсың кейде… Шағын блогына
қалағаныңды жазасың, кей адамдар «ұнамай» қалса, «ортан белден сызып
тастап», ары қарай отыра бересің...
Тіпті бұл агент біраз адамдардың күнделігі десек те болады… Қалай
дейсіз бе? Статусына қарап отырып, сол адамның күнделікті өмірін
аңғарамыз… Таңертең оянып, жуынады (сары үйректің балапаны тұрады),
тамақ ішеді, жұмыс істеп отырғаны не сабақта отырғанын жазып қояды,
түскі ас, үйдемін, қыдырып жүрмін, жылап жатырмын, көңілді, тағысын
тағы… осылай жалғасып кете береді… Тіпті кімге, қай күні ғашық болғанын
да аңғарасың. Міне, агент деген шіркіннің қажеттілігі... Сенесіз бе, осы агент арқылы танысып, жап-жақсы отбасын құрып жатқан жастар да бар.
Менің Қарағандыда қызмет етіп жүрген бір танысым қоңырау шалды бір
күні. Жағдай сұрасқан соң, өтінішін айтты. Алматының қызымен танысыпты
агент арқылы. Хат жазысып жүргеніне бір ай болыпты. Суретін ғана
көрген. Сол қызға үйленбек ойы да бар екен. Болашық жарымен кездесіп,
бағалауымды сұрады. Мен тіпті, аңтарылып қалдым да, «уақытым жоқ» деп,
жалтара салдым… Жақында есіттім, танысым сол Алматының аруын қолына
қондырыпты. Таң қалдым… Көрмей, виртуалды байланыста жүріп құрған
отбасының шаңырағы нық болса деп тіледім.
Біреудің ермегі, біреудің басты құралы бола білген осы агентті мен
жұмыс барысында қолданатын болғандықтан үнемі жасыл қылып қоямын.
Жұмыстан тыс уақытта да жанып тұрады агентім. Қатырып ешкіммен
сөйлеспеймін де. Әйтеуір қосылып тұруы керек. Әдетке айналғандай…
Таныстарымды іздеп тапқаным болмаса, адамдармен таныспайды да екенмін…
Тек ара-тұра ермек етіп сөйлескенім болмаса бейтаныс адамдармен...
Осы жақында сол әдетпен «онлайн» болып отырғанмын. Үйде жалғыз қалған
соң осы агентке мінгескен едім. Бейтаныс жігіттен хат келді. «Салем,
қалайсың?, не істеп жатсың?, қайдансың?» деген дәстүрлі сұрақтар емес,
«СІЗ ДЕ АГЕНТПЕН АУЫРАСЫЗ БА?» деген ерекше сұрақ екен. Сөз таба
алмаған күйі сұрақты жауапсыз қалдырдым.
Шынында да, соткасына агент бастырып алып, жатса да, тұрса да қолынан
тастамай, жазу жазып жүретін адамдарды «агентпен ауыратын адамдар»
деген диагнозбен атаймыз ба? Әлде, тіпті әжетханада отырғанда да уақыт
өлтіретін ермек қой деп құтыламыз ба? Мен сұрақтың жауабын таба алмаған соң, сіздерден сұрауды жөн көрдім. СІЗ ДЕ АГЕНТПЕН АУЫРАСЫЗ БА? Автор: Айқаракөз ...
|